04
октябрь
2022
ОҚУШЫЛАР ТЕАТРҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ
Халқымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов өзінің бір сөзінде: ¬«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп айтып кеткен болатын. Расымен де, театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер, ол өмірімізде болып жатқан сан алуан құбылысты сахналық қойылым арқылы көрсетуге негізделеді.
Заман жаңарған сайын, адам ¬баласы да сол талаптарға сәйкес икемделе бастайды. Алайда ғаламтор бізге ¬рухани байлық сыйлай алмайды, сол себепті білімімізді жетілдіру ¬барысында шытырман оқиғаға толы, отандық жазушыларымыздың қаламынан туындаған кітаптар мен көркем әдебиет шығармаларын жиі оқып отырған абзал. Ал сол кітапта жазылған шығарманы ойша елестетіп қана емес, көзбен көріп, оның мағынасын түсіну мүлдем бөлек сезім. Тараз қаласында әсемдігімен көздің жауын алатын, мәдениет пен өнердің ірі ошағы, қасиетті де киелі қара шаңырақ – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма ¬театры. Сол руханият ордасына қазан айының бірі күні «Театрдағы бір күнім» жобасы аясында мектеп-гимназияның оқушылары мен мұғалімдер қауымы Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі «Ай мен Айша» шығармасының желісімен жазылған сахналық қойылымды тамашалады. Көрерменге ой салатын, Шерхан Мұртазаның төл туындысы жалғыз Айшаның ғана емес, бүкіл бір елдің тұтас тағдырын бейнелейді. Спектакльдің қоюшы режиссері «Ай мен Айша» романын сахналық жолмен астарлап, залда отырған ¬барша көрерменге жеткізе білді. Сол жерде отырған барлық көрермен ¬театр ұжымының әртістік шеберлігіне, өз кейіпкерлерінің тағдырын барша халыққа жеткізе білгеніне тамсана түсті. Сонымен қатар сахналық безендірудің өзі сол заманға сәйкестендіріліп жасалғаны ерекше әсер қалдырды. Естен кетпестей көңіл күй сыйлаған театр ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз.