01
сентябрь
2022
НЫҒМЕТУЛЛА КИІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНДА АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ
Оқушылардың ала жаздайғы асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген.
Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – еліміздегі барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн. Жаңа оқу жылы басталар айтулы күнде мектеп-гимназиядағы салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов пен ардагер ұстаз Асқар Бекбауов қатысты. Мемлекеттік Гимнмен ашылған алғашқы қоңырау салтанатты шарасында аудан әкімінің орынбасары барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестігін білдірді. Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Салтанатта сонымен бірге, мектеп өнерпаздары ән шырқап, алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, барша оқушыларды алғашқы сабаққа шақырды.





