01
июнь
2022
«Балдәурен» сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты
Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл — жаз маусымы. Үш ай демалыс кезінде балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Оқушылардың дені өздері оқитын мектеп жанындағы лагерьлерге баратыны белгілі. Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып, өсіру — бүгінгі күннің басты міндеті.
Осы орайда мектеп-гимназиямызда 2022 жыл «Балалар жылы» аясында жазғы мектепішілік «Балдәурен» сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты болып өтті. Ашылу салтанатына Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәулетов Дәуір Рысбайұлы, Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Мамырбаев Нұрболат Серікұлы қатысты. Іс-шарада мемлекеттік гимн ойналып, лагерьге қамтылған бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында балаларға балмұздақтар таратылды. Бүгін бірінші күнін қызықты өткізген лагерьде балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады.
Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет.

















