18
март
2024
ШАҢЫРАҚ КҮНІ


Қазақ халқы үшін "шаңырақ" сөзі қастерлі ұғым. Бір сөзге бірнеше ұғым сыйдырған. Ертеде халық санын шаңырақ арқылы анықтаған. Бір отбасыны бір шаңырақ деп есептеген. Атадан балаға қалған үйді "қара шаңырақ" деп кие тұтқан. Үйдің жасы үлкендері енші алып, бөлек үй болып кеткенде кенже ұл әке қолында қалып, қара шаңырақ иесі атанады.
Жас жұбайлар отау құрғанда "шаңырақ көтерді" дейді және оларға "шаңырақтарың биік болсын, берік болсын, шаттыққа толсын" деп тілек айтады. Дауласпақ болған адамдарға "шаңыраққа қараңдар", "шаңырақты сыйлаңдар" деп тоқтау сөздер айтқан.
Шаңырақ Қазақстанның Елтаңбасында бейнеленген. Онда "Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны" делінген.

Әрбір шаңырақ шаттыққа толы болсын. Шаңырақтарымыз көркейіп, кеңейе берсін. Шаңырағымыздан отау үйлер өрби берсін. Киелі ШАҢЫРАҒЫМЫЗДЫҢ түтіні түзу шығып, оты сөнбесін.