29
сентябрь
2023
ҰСТАЗ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!
Мектеп-гимназияда 1 қазан – Қарттар күніне орай жас мамандардың ұйымдастыруымен «Ұстаз, саған мың алғыс!» тақырыбында ардагер ұстаздарға арналған мерекелік кеш өтті. Кеш шымылдығын ашқан мектеп-гимназия директоры Ермекова Гүлбахрам Серікқызы ақжарма тілегін жеткізіп, қонақтарды атаулы күнмен құттықтады. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаздар құрмет төрінен орын алып, ұжымның сый-сияпатына бөленді. Шара барысында күмбірлеген күй төгіліп, әннен шашу шашылды. Өнерпаз жас мамандар жыр жолдарын арнап, балаша қуанған ардагер ұстаздарымыз жастық шақтағыдай шадыман күйде тарқасты. Сонымен қатар мерейлі кеш үшін барша ұжымға алғыс білдіріп, ақ баталарын арнады.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді халқымыз. Бүгінгі біз жүріп жатқан жол – бір кездері сіздер өткерген даңғыл. Сондықтан көненің көзі ретінде әрдайым сіздерге құрмет көрсетуден жалықпаймыз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Ең алдымен дендеріңізге саулық тілейміз! Өмірлеріңіз қуаныш пен шаттыққа толы болсын! Әрқашан біздің ортамыздан табылып, қуанышымызға куә болып жүре беріңіздер!

