13
октябрь
2022
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ПРОКУРОРМЕН КЕЗДЕСТІ
Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында 2022 жылдың 13 қазанында «Қылмыс пен құқық бұзушылық үшін жауапкершілік» тақырыбында 8-10 сынып оқушылары арасында кездесу өткізілді. Бірлескен профилактикалық іс-шараға Байзақ аудандық прокуратурасының прокуроры С.Т.Телеуов, полиция майоры, мектеп инспекторы А.К.Танабаев, Байзақ аудандық білім бөлімінің әдіскері З.Б.Сатылғанова, мектеп-гимназия директоры Г.С.Ермекова қатысты. Прокурор С.Т.Телеуов оқушылармен бірінші орында тәртіптің, білімнің орын алуы және мамандық туралы әңгіме жүргізді. Бұл мамандықтың, яғни прокурор қызметкерлерінің жұмыстарының қиындықтары мен жауапкершіліктері туралы айтылды. Сонымен қатар, білім бөлімінің әдіскері З.Б.Сатылғанова ата-аналардың жауапкершілігі туралы баяндама жасап, онда балалардың тәрбиесі мен болашақ өміріне қатысты көп нәрсе ата-аналарға байланысты екенін баса айтып өтті.
Достық қарым-қатынас атмосферасы құқықтық негіздерді зерттеуге, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға балалардың қызығушылығын дамытуға ықпал етеді. Оқушыларды көбіне прокурордың қызметтік жолы, жол қозғалыс ережелерінің өзгерістеріне байланысты мәселелер қызықтырады. Заң қызметкерлері оқушыларды қызықтырған барлық сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Біз жасөспірімдердің осындай форматтағы кездесулерден көп мағлұмат алатындарына сенімдіміз. Себебі, олар өздерінің құқықтық сауаттылығын арттырады, бұл өз кезегінде оларды жағымсыз әрекеттерден сақтайды. Мұндай іс - шаралардың негізгі мақсаты - жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту, білім беру процесіне қатысушылардың барлығының құқықтық мәдениетін арттыру, білім беру өкілдерімен өзара іс-қимылды нығайту, зиянды әдеттерсіз салауатты өмір салтын ұстанған, саналы ұрпақты қалыптастыру болып табылады. Іс-шараны қорытындылаған мектеп-гимназия директоры Г.С.Ермекова осы басты мәселелерді атап өтті.
Құқық бұзушылықтың алдын алу-жасөспірімдермен тәрбие жұмысының басты бағыттарының бірі. Сондықтан, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар, педагогтар үшін де баланың құқықтық сауаттылығы басты назардан тыс қалмауы қажет. Осындай форматтағы іс-шаралар жалғасатын болады.




