19
апрель
2025
«Тьюторлық онлайн мектебі» жобасы. Жоспар бойынша кезекті сабақты мектеп-гимназиямыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі өткізді.


Қазіргі таңда кері байланыс мұғалім кәсібінің ең маңызды бөлігі болып есептеледі. Себебі, тиімді кері байланысты ұйымдастыру сапалы оқытудың негізі болып табылады. Жоспар бойынша кезекті сабақты мектеп-гимназиямыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі өткізді. Жас мамандарымыз Амалбекова М. және Тұрдымахан А. өз сабақтарында әріптестерімізге кері байланыстың әр түрлі әдіс-тәсілдерін ұсынды. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыру керек екеніне назар аудартты. Сабақ аяқталған соң, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұстаздары, педагог-шебер Момынқұлова З., педагог-зерттеушілер Қыдырбаева Ж., Қалдарбекова Г. магниттік мектептердің ұстаздарымен өткізілген сабақ жоспарларындағы кері байланыс түрлеріне талдау жасап, ұтымды-ұтымсыз тұстарын анықтап, ой бөлісті.
Пікір алмасу барысында мұғалім оқушыдан кері байланыс ала отырып, сабағының тиімді және тиімсіз тұстарын бағдарлап, келесі оқыту барысында кері байланысқа берілетін әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білу мүмкіндігіне тоқталды. Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болатынын атап өтті.